Диктанты (приложение к электронному учебнику казахского языка)
Батталова Р., Аққұлова А. Диктанттар мен мазмұндамалар жинағы 10 - 11.- Алматы: Рауан, 1999.- 80 б.
ҚАЗБЕКТIҢ АТ ДАУЫН ШЕШУI
Бiр үлкен ас болып, сол аста бәйгеге шапқан қаншама аттың алдынан бiр қара жал құла жеке дара озып келiптi. Асқа жиналған топтың iшiнен бiр адам:
- Бұл - менiң тай күнiнде жоғалтқан атым, - деп, аттың шылбырына жармасады. Атты қосып отырған иесi:
- Жоқ, бұл - мүлдем жала, өзiмнiң кер биемнен туған қолтума малым, - дейдi. Көпшiлiк екi жағына да "сенiкi жөн", деп айта алмай, одан барып Қазыбектiң туған әкесi - Келдiбек биге жүгiнiске келедi. Бiрақ екi даугердiң сөзiн тыңдаған Келдiбек "ат сенiкi" деп кесiп айта алмай, дағдарып отырып қалады.
Екi даугердiң айтқан дәлелiне құлақ түре жүрiп, оған билiк айта алмай дағдарған әкесiн байқап, жетi жасар Қазыбек:
- Сен қалай танығыш болып алдың? - деп, даугердiң бiрiне сұрақ қояды.
- Мен енесiн көрсем, одан туған төлiн көрсем, енесiн жаза баспай танимын, - деп жауап бередi атын тай күнiнде жоғалтқан адам. Сонда Қазыбек атты бәйгеге қосқан адамға:
- Кәне, сiз қалай мал, танығышсыз? - дейдi.
- Мен енесiн бiр көрсем, iшiндегi құлынын туғаннан кейiн, сол биеден туғанын бұлжытпай танимын, - дейдi. Сонда Қазыбек тұрып:
- Жарайды. Ендi екеуiң бар да, анау жүрген қозыдан екi қозы ұстап әкелiңдер, қозыны көгендеп қойындар да, өрiстегi қойдан өздi-өзiң әкелген қозының енесiн алып келiңдер, - дейдi.
Екi саудагер өрiстегi қойдан екi саулықты алып келген соң, Қазыбек көпшiлiкке:
- Құла жорға тай күнiнде жоғалтқан адамдiкi, - дептi.
("Тапқырлық") (184 сөз.)
АЛҒАШҚЫ МЕКТЕП
Сауытбайдың тойына көп адам жиналыпты. Менiң әкемдi үлкен ақ боз үйге түсiрдi. Бiз үйге кiрсек, жұрт лық толып, қымыз iшiп отыр екен. Ақсақал, қарасақалдардың алуан түрi осы үйде. Төрде доп-домалақ, қара бұжыр бiреу отыр. Ол - Тыржық деген бай екен, оның жанында сәлде киген бiреу отыр, ол - осы ауылдың молдасы. Әрiректе ақ құба, шоқша сақалды бiреу отыр. Бұл - Ыбырай Алтынсарин едi.
Бiз келiп отырғанда, балаларды оқыту туралы әңгiме болып жатты. Әңгiменi қозғап, бүкiл жиынды аузына қаратып отырған - Ыбырай. Жұрт үнсiз тыңдап қана отыр. Ыбырай өзiнiң сөзiнде ғылым да, өнер де оқуда екенiн түсiндiрдi. Ыбырай:
- Өзiмiз талпынып, өзiмiз еңбектенбесек, бәрiнен құр алақан қаламыз. Заман өнерлi, бiлiмдi болуды талап етедi. Өткенге өкiнуiмiз пайдасыз. "Өнер жастан шығады", - деген үлкендер. Бүгiнгi таңда әуелi екi жылдық ауыл мектебiн ашуды көздеп отырмыз. Жастарды бiлiмге жетелеуiмiз керек. Балалар - бiздiң келешегiмiз, - дедi.
Ыбырайдың сөзiнен соң жұрт азды-көптi пiкiр алысты да, ауылдық мектеп ашылсын деген тоқтамға келдi.
Жиын тарауға айналды. Бiр топ адам жиналып, ойын болатын төбеге қарай кеттi.
Ауыл ақсақалдары өз адамдарын жинап алып, қайта бастады. Сонымен, той тарқар мезгiл де келiп жеттi. Бiраз елдiң адамдары мектептiң ашылатынынан хабардар боп кеттi.
(С. Көбеев) (184 сөз.)
ДӘРМЕННIҢ ҚУАНЫШЫ
Барлық топ ендi түгел шапқан күйiнде құстардың соңынан кеттi. Озып барған Мағаш едi. Лақтай бiр дуадақты сары ала жүнiн жарқылдатып басып қалған бiр қаршығаның үстiне ағызып жеттi де, тымағын бұлғап, арттағыларға айқай салды. Кейiнгiлер де тақау едi.
- Дәрмен! Дәрмен! Сүйiншi! Еңлiк жыры сенiкi, - дедi Мағаш. Дәрмен шауып келе жатқан күйiнде, атынан домалай түсiп, құсына ұмтылды. Мағаш пен Ақылбайлар да, қағiлез, шапшаң Баймағанбет те осы құстың үстiне үймелеп қалысты. Бөлек жерде жалғыз ғана Шұбар өз құсына айналып жүр. Ол дуадақ олжаланған көрiнбейдi. Мынау топ Дәрменнiң дуадағын Ерболдың қанжығасына байлап, ендi түгелiмен Шұбарға келдi. Ол жерде жүресiнен отырып, қаршығасын етегiмен қоршалай бүркеп апты... Бұндағы жайды өзгеден бұрын Көкбай түйген екен.
Әлi де шабытты, желiктi Дәрмен ендi балаша бiр қуаныш бiлдiрiп, астындағы ақ бедеуiн өзi дағдыландырып үйреткен қалпына салып, шаужайлап, тебiнгенде, ақ бедеу мұның қуанышын қостағандай, шапшып, қос аяқтап шаншылып тұрып қалды. Шаңқан боздың үстiнде Дәрменнiң қуанып, ақсия күлген жүзi қызықтырғандай. Жас жалынын атқандай. Қолындағы көк қаршығасы да болаттай жалын ойнап, талпына ұшып, шабытқа тiленедi.
Осы кезде күздiң баяу күнi көтерiле түсiп, қызғылт сәуле бердi. Шапшыған ақ бедеудiң үстiнде талпынған қаршыға ұстап, күлiп тұрған нұрлы жiгiт қызғылт күннiң шұғыласына малынды.
(М. Әуезов) (182 сөз.)
ЖАН ИIТКЕН ЖҮРЕК СЫРЫ
Адам жаны кенелер ләзаттар iшiнде музыканың орнын толтырар, оның орнын алмастырар, яки, оны жоқтатапас басқаша бiр құдiрет бар ма ғұмырда?
Ықылым замандардан берi қарай ғұмыр кешiп келе жатқан Алатау мен Арқа, Алтай мен Атырау атырабындағы қиырсыз атырапқа жалпақ жайылған қазақ халқы әнiмен, күйiмен, домбырасымен жанын әлдилеп, кең даланы күңiренте, күмбiрлете, сиқырлы, әсем саздар төккенiмен, "оркестр", "опера", "консерватория" дейтiн ұғымдармен iстес болмағанына сенiңiз. Таңырқауыңызға болады. Бiрақ та ақиқат шындық солай. Күй атасы Құрманғазы бастаған Дәулеткерей, Тәттiмбет сынды бұл күнде саны жүзге жуық дауылпаз саңлақтарды берген сахара, ешқандай нотасыз, партитурасыз, консерваториясыз байтақ атырапты бебеу қаққан жалғыз-жарым домбырасымен ғана әлдилеп, баз кешкенi де ешкiмге құпия емес.
Сонда бүгiнгi таңда дағдылы көрiнiп, өмiрiмiзге берiк сiңiсiп алған музыкалық бiлiгiмiз ғайыптан келген бе? Әлде оның да түп ата бастауы бар ма? Ештеңе өздiгiнен болмайтыны, әр нәрсе әлденеден бастау алатыны - ежелден даусыз ақиқат.
Ендеше, бүгiнде iргемi бекiп, еңсесi асқақтап, асқақ үнi ғаламның түпкiр-түпкiрiнде шалқи көсiле самғап жүрген қазақтың кәсiби музыкасының да шым-шымдап шымырлаған бастауы бар екенiне сенiңiз.
Өркендi де өрелi ел ондай саналы саңлақ, шабандоздарды ешқашан ұмытпай, аялап есте ұстары хақ.
Ғылым үшiн, тарих үшiн олардың бәрi де қымбат қазына, олардың бәрi де халық кәдесiне асары сөзсiз.
(Е. Брусиловский) (180 сөз.)
КӨКШЕНIҢ КЕУДЕСIНДЕ
Азат тауын айналып, күнгей бетiне шыға келiп ем, мөлдiр көк гауһар тастан жасаған күмбездей, Көкше аспанға асқақатаған кербез бойымен көзiмдi тартып жүре бердi.
Сiбiрдiң салқын самалды көктемiнде көктен күндiз де, түнде де айырылмайтын кiлегей қоңыр бұлт сол күнi аспанның жердi жиектеген жағалауына шөгiп, жерден өзеннiң жар қабағындай ғана жоғары тұр екен. Көктiң кең, биiк сарайында одан басқа көзге iлiгер шөкiм бұлт жоқ. Сондай ашық, көгiлдiр аспанның астында көрiнген Көкше - аспан астынан өскен кiшiрек бiр аспан секiлдi. Бiрақ Көкше көктен гөрi көгiрек!..
Көгiлдiр Көкшенiң көркiн көркемдiрек көрсетiп тұрған- басына оралған кiлегей ақ ұлпа бұлт пен етегiн көмкере тоқыған бұйра сағым.
Бұдан аттай он жыл бұрын, дәл осы жерде, осы арадан нақ осындай бейнемен көзiме шалынған Көкшеге мен ара қонып, атпен зорға жеткен едiм. Бұл жолы астымда желден жүйрiк автомобиль. Жол үстi - кең даланың көгорай шалғын бәйшешегiмен тұтасқан салалы, қалың селеу. Селеуге сүңги жүйткiген автомобильдiң астына жер жиырылып кiрiп, көз ұшындағы Көкше толқыған биiк бетегенiң үстiнде теңiздегi кемедей бiзге қарай өзi зымырап жүзiп келе жатқан сияқты.
Көктемде түгi де, тоғайы да көктеп, келбетi көркемделген Көкше аңсаған менi құшағын жайып қарсы алды. Мен оның шалғынын шолып, орманын оранып, көлiн көлбеп, кең өлкесiн кезiп, етегiн ентелей басып тұрып, көзiмдi кербез кеудесiне тiктiм.
(С. Мұқанов) (185 сөз.)
ҚАСИЕТТI ДӘМ
Нан - дастарқанның берекесi. Дастарқанды кез келген асқа толтырып қоя бер, егер нан болмаса, ол дастарқанның не сәнi болады? Үйiмiзге бiреу келе қалса, "Нан ауыз тиiп кетiңiз", - деп айтатын салтымыз бар. Егер наннан жоғары тұрған ас болса, соны айтар едiк қой. Тағамның үлкенi болғандықтан да, аузымызға алдымен нан түседi.
Молшылық бiздiң адал, мақсатты еңбегiмiзбен жасалған, оған мақтанғанның да айыбы жоқ. Бiрақ ол дарақылық пен даңғойлыққа айналып кетпесе екен деймiз.
Диқан үшiн дән өсiруден гөрi, нанның рәсуа болғанын көру қиынырақ, ауырырақ. Өз еңбегiнiң еш болғанын кiм қалайды дейсiң?
Дән өзiнен-өзi дән болмайды. Ол күтсең ғана, бел жазбай еңбек етсең ғана шығады. Жаздың ыстық күндерiнде жүгерi егiстiгiнiң iшi 50-60 градусқа дейiн жетедi. Осындай ыстықта егiстi бiр аралап шыққанның өзi неге тұрады? Сөйтiп табылған нан ғой бұл. Оның шаңға былғанып, аяқ астында жатқанын көргенiңде, қиналмағанда қайтесiң, Нанды сыйлайық, құрметтейiк деймiз. Бұл - қызыл сөз емес. Мұнда биiк адамгершiлiк, жерге, елге, өз ошағына, Отанға деген үлкен сүйiспеншiлiк тұр. Осының бәрiн бойына сыйдырып тұрған нан қасиетiне неге бас имеске, нан қадiрiн бiлу - үлкен жүректiң, биiк адамгершiлiктiң iсi.
Нан қасiретiн тартып, бiр тiлiм нанға зар болған кезден берi көп уақыт өткен жоқ.
(З. Тамшыбаева) (180 сөз.)
АҚЫЛДЫҢ КЕНI
Адам өмiрге келедi, зейнет iздейдi, бақыт табады. Әр адамның өмiрлiк мақсаты болуы тиiс. Өзiне жүктелген мiндеттi дұрыс ұғыну - қиын нәрсе, ал оны қалытқысыз атқару - одан да қиын. Сол себептi де әркiм дүниеге ашық та ойлы көзбен қарауға, өзiнiң адамдық парызын жете түсiнуге мiндеттi. Бұлай болмайынша, негiзгi мақсатқа жету мүмкiн емес.
Мен ұшақта осылай ойладым.
- Ой көп, iстелетiн iс одан да көп. Бiр күнi қарын тойса, қырық күн аш болғанын естен шығаратын небiр кер жалқау диқанды көрген едiм. Бүгiнiн емес, ертеңiн, ертеңiн емес, екi жылын күн iлгерi ойламаған диқан - диқан емес.
Менiң осы сапарымның өзi - болашақ қамы. Мәскеуге бара жатқанмен, менiң бар ойым аулымда, өз жерiмде қалды. Мәскеуге менi ұлы мақсат әкеле жатыр.
- Ыбеке, Сiз осы отырғанда, болашақ жайлы ойлап отырсыз.
Мен селк еттiм. Бұл көршiм - қазақтың аяулы ұлдарының бiрi - академик - Қаныш Сәтбаев едi, ол Алматыда ұшаққа отырарда, әлдекiмдермен келiсiп, менi өз қасына отырғызып алған.
- Ыбеке, көршi болайық. Сөйлесейiк. Әңгiме айтыңыз, - деп қолқа салды ол.
- Сөйлей бiлген - жақсы, тыңдай бiлген - одан да жақсы, - дедiм мен қалжыңға шаптырып.
- Әрине, - дедi Қаныш күлiп. - "Жақсының сөзiнен - тас балқиды, жаманның сөзiнен - бас қаңғиды" деген. Сiз әңгiме айтсаңыз, тыңдауға ерiнетiндер табылмас.
(180 сөз.)
МЫРЗАБЕК ПЕН СӘДУ
Алты қанат үйдiң төрiне салынған төрт қабат көрпеше үстiнде арқасына жабағы күпi жамылған, быртиған семiз денелi, жалпақ мұрынды, балшық сары Сәду малдасын құрып алып, сөйлеп отыр. Үй iшiнен айналдыра кiлем ұсталғанымен, тоңып отырғандай қымтанып қояды. Оған таяу, қонаққа келген болу керек, нағашысы молдасымақ Сартай шарта жүгiнiп, екi көзiн жұмып алыпты. Анда-санда сығырайтып ашып қояды. Үйдiң оң жағындағы жүкаяқтардың үстiне өрнектелген, қошқар мүйiзделген әбдiрелер, оның үстiне тең-тең жүктер мен көрпе-төсектер жиналған.
Аспалы ондық шам үй-iшiн жап-жарық етiп тұр. Байдың бәйбiшесi төсек үстiнде күзен iшiгiн жамылып, екi тiзесiн құшақтаған күйi, ошақтағы маздап жанып жатқан отқа тесiле қарап қалыпты. Босағаға таман, отқа жақын бөстек үстiнде Мырзабек отыр.
Сәду жанында жатқан жастықты шынтақтай берiп:
- Мырзабек, сенi шығыр салады деп есiттiм бе? - дедi мысқылдай сөйлеп. Мырзабек ошақ басын шұқылап, үндемей отырды. Ашу қысқан Мырзабек не дерiн бiлмей қалды. Бәрiнен де кедейлiгiн бетiне салық қылғаны өтiп барады. Орнынан тұрып кетуге ыңғайланып, етек-жеңiн жинап, қипақтап кеттi. Мырзабектiң қас-қабағын аңдып отырған Сәду оңай олжадан айырылып қалатынына көзi жеттi бiлем, сабасына түсе қалды. Дегенмен сыр бермеуге тырысып, зiлдене сөйлейдi.
- "Саудада достық жоқ" деген. Сен өз ойыңды айтып қара, тыңдап көрейiк.
Мырзабек ауыр күрсiнiп, сөйлеп кеттi.
(Т. Дәуренбекова) (183 сөз.)
|